Slider

Monthly Archives: Ақпан 2020

Әлем ұлықтаған Абай

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары деңгейде аталып келеді. Осы орайда Жезқазған индустриалды-гуманитарлық колледжінде ұлы ақынға арнап Абай атындағы дәрісхана ашылды. Аталған кабинетте Абай атамыздың өмірі мен шығармашылығын қамтыған түрлі стендтер әзірленді. Ауқымды шараға өлкетанушы Төлеген Бүкіров, Жезқазған политехникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұмабаева Клара Бердіқұлқызы, Жезқазған қаласының құрметті азаматы, ел ағасы, ұлт жанашыры Қабдрахман Сәдуақасұлы сынды қаламыздың құрметті тұлғалары қатысты. Дәрісхананың ашылу рәсімінің таныстырылымын қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері Перизат Дүйсенбекқызы және Салтанат Қажымұратқызы және әлеуметтану және саясаттану пәнінің мұғалімі Арайлым Жалаулықызы жүргізді.

Ұстаздар студенттер мен қонақтарға ұлы ақынның өмір кезеңдері мен өлеңдеріне талдау жасау арқылы шығармашылық жолынан мағлұматтар жеткізді. Сондай-ақ, өлеңдеріндегі философиялық ойлар, қара сөздерінде қозғалған мәселелер, Абай қалдырған нақыл сөздер мен өсиетнамалар жайында сөз қозғады.

Сонымен қатар, ақынның сазгерлік, аудармашылық қырлары туралы да айта кетті. Студенттер ақынның жырларын жатқа айтып, өз білгендерін ортаға салды.

Ал кабинеттегі стендтерде ақынның шежіре тарихы, Абайды қалыптастырған тұлға әкесі Құнанбай жайлы, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен үзінді, Абай жайлы айтылған даналық пікірлер, «Абай жолы» романына талдау және «Әлем ұлықтаған Абай» атты әлемнің әр жеріндегі ақынға арналған түрлі ескерткіштер бейнеленген. Сондай-ақ, ақынның үлкен портреті, кабинеттің ұраны ретінде ақынның «Жасымда ғылым бар деп ескермедім..» атты өлең жолы студент жастарға үлгі болсын деген мақсатпен алынды. Әр студенттің бойына Абай атамыз айтқан бес асыл істі сіңіріп, бес дұшпаннан аулақ болуға тәрбиелейтін, ұлтын, елін сүюге шақыратын, Абай айтқан ізгі қасиеттерді сіңдіре білу – біздің басты мақсат.

Жасөспірімдердің заң аясындағы құқығы жөнінде кездесу өтті

Колледжде Жезқазған қаласы әкімшілігінің кәмелеттік жасқа толмағандар және олардың құқығын қорғау ісі бойынша жауапты хатшы Жылқыбаева Әлия Данилқызы, «Шанс» кәмелетке толмағандардың әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының директоры Тұрлыбекова Батима Жанбекқызы, «Шанс» кәмелетке толмағандардың әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының заңгері Нысанбаева Ұлмекен Жанділдәқызы, қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологы Матайбаева Мадина Ержанқызының қатысуымен «ҚР әкімшілік және қылмыс туралы заңнамасындағы өзгерістер» тақырыбында лекция өтті.

Кездесу барысында кәмелетке толмаған балалардың түнгі мезгілде көшеде жүруге тыйым салынатыны қатаң ескертілді. Сонымен қатар, жұмыс істейтін жастарға заң бойынша тек 3 сағат қана еңбек ету құқықтары бар екенін айтты. Өзгертілген әкімшілік және қылмыстық заңнамаларға тоқталып, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық жағдайында қандай жаза қолданатыны айтылып өтті. Мысалы, ұрлық, ауыр қылмыстар, бұзақылық т.б. заңбұзушылықтар кезінде жасөспірімдердің заң алдындағы жауап беру құқығы түсіндірілді. Олардың ата-аналарына қандай жағдайда айыппұл санылатыны да айтылды.

Сондай-ақ, студент жастарға акушер гинеколог тарапынан жоспарсыз жүктілік, ерте жыныстық қатынас жөнінде ақпарат берілді. Ерте бастан тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, бірден заң өкілдеріне айту керек екенін түсіндірді.

 

«Не? Қайда? Қашан?»

Жезқазған индустриялдық гуманитарлық колледж қабырғасында студенттер арасындағы «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойыны болып өтті. Аталған ойында 2 курс студенттерінен құралған «Qualities» және «Python» топтары бақ сынады. Жарыс 3 кезеңнен тұрды: бірінші кезең «Бәйге», екінші кезең «Мамандығым-мақтанышым», үшінші кезең «Тұлғаны тани біл» деп аталды.

Алғашқы кезеңде топ мүшелері қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы мен әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабидің 1150 жылдығына байланысты ұлы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына арналған сұрақтарға жауап берді.

Екінші «Мамандығым-мақтанышым» кезеңінде топ мүшелеріне өз мамандықтарына сай берілген сауалдар қойылды. Яғни, «ағылшын», «орыс тілі», «экономика», «бағдарламамен қамту» пәндерінен қойылған 10-40 баллдық шкаламен сұрақтар болды. Әр сұрақтың күрделілігі берілген баллдық көрсеткішке сай, тиісінше дұрыс жауапқа сонша ұпай саны қосылып отырды.

Үшінші кезең «Тұлғаны тани біл» деп аталды. Бұл кезеңде елімізге белгілі тұлғалардың бейнелері экран арқылы беріліп отырды, әр топқа үш суреттен көрсетілді. Соған сәйкес әр топ қандай тұлға, қандай шығармалары, жетістіктері жайлы білетіндерін ортаға салды. Мысалы, бірінші топқа Мұхтар Шаханов, Ермахан Ибраимов, Роза Бағланованың суреттері көрсетілсе, келесі топқа Мұқағали Мақатаев, Бекзат Саттарханов, Шәмші Қалдаяқовтың бейнесі берілді. Яғни, осы көрсетілген суреттер арқылы тұлғалардың есімін, өмірбаянын, жетістіктеріне тоқталып өтті.

Жарыс соңында жалпы ұпай саны есептеліп, ойын жеңімпаздары анықталды. Ерекше алғырлығымен «Python» тобыбірінші орынды иеленді. Шара соңында колледж директоры Марал Тлеужанова, оқу ісінің меңгерушісі Жанар Алтайқызы құттықтау сөз сөйлеп, алдағы уақытта осындай білім жарыстарын жиі ұйымдастыру студенттердің ойлау қабілетін жетілдіретінін жеткізді.

 

Ақпан (2020)
Дс Сс Сә Бс Жм Сб Жс
« Шіл   Нау »
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
242526272829